Абай университетінің Тарих және құқық институты Әлем тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Жапонияның - Васэда, Хиросима, Кобе, Осака, Мусаси, Ямагата, Тама университеттерінің ғалымдары: Хидето Цубои, Такаюки Кавагучи, Шулатов Ярослав, Соноко Мидзобучи, Иори Курокава, Сон Хе Ён, Наоки Ватанабэ, Наоки Амано, Акина Кобаяси, Ли Ли, Джейкил Сеонің қатысуымен «北東アジアと中央アジアにおける20世紀の戦争の捕虜や難民の表象» (Солтүстік-Шығыс және Орта Азиядағы ХХ ғасырдағы әскери тұтқындар мен босқындар мәселесі) тақырыбында ғылыми-теориялық кездесу өтті.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар ҚР Орталық мемлекеттік Архивінің директоры Сабит Шілдебай, профессор Ханкелді Әбжанов, қауымдастырылған профессор Забира Мырзатаева, ҚР Президент Архивінің өкілдері және Тарих және құқық инстиутының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кездесу барысында Кобе университетінің PhD докторы - Иори Курокава «Хиросимадағы бейбітсүйгіштікке баулу немесе тәрбиелеу», Тама университетінің доценті Акина Кобаяси «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі КСРО-дағы жапондық әскери тұтқындар» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандық ғалымдармен пікір алмасты. Әскери тұтқындар мәселесін зерттеп жүрген зерттеуші-ғалым, профессор Гүльжаухар Кокебаева жапондық әскери тұтқындар мәселесіне қатысты сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Сондай-ақ, Ханкелді Әбжанов «Жапон азаматтарының әскери тұтқынға ұшараған тұлғалары (құпия құжаттар негізінде)» тақырыбында, Забира Мырзатаева «Ащысай полиметалл комбинатындағы (Оңтүстік Қазақстан) жапондық тұтқындардың № 348 лагердегі өмірі куәгерлер көрсетулерінде және архив деректерінде» тақырыбында баяндама жасады.