2024 жылдың 26 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Психологиялық қолдау қызметінің» ұйымдастыруымен «Әйел денсаулығы - қоғам денсаулығының кепілі» тақырыбында дәріс өтті. АҚ «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының» дәрігері, резидент, эндокринолог Гаухар Бахтиярқызы жүргізген дәрістің негізгі мақсаты - студенттерді адам ағзасындағы гормоналды баланс процестерінің маңыздылығымен таныстыру. Сабаққа Сорбонна - Қазақстан, Математика, физика және информатика, Педагогика және психология, Филология, Жаратылыстану және география, Өнер, мәдениет және спорт, Тарих және құқық институттарынан 70-ге жуық студент қатысты.
Дәрісте репродуктивті функцияға әсер ететін негізгі гормондар, контрацепция мен жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекция түрлері талданып, біздің сыртқы келбетімізге және көңіл-күйімізге қандай гармондардың әсер ететіні жайлы айтылды. Гаухар Бахтиярқызы сондай-ақ, гинекологқа үнемі барудың, скринингтен өту мен анализдерді тапсырудың маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар, әйелдердің денсаулығына әсер ететін ауруларға ерекше назар аударып, уақытылы диагностика жасауға шақырды. Дәрісте салауатты өмір салтын ұстану негізінде организмге өз бетінше қалай көмек беруге болатыны туралы ұсыныстар айтылды.
Студенттер дәрістен пайдалы ақпараттармен сусындап, денсаулық тақырыбында білім көкжиектерін арттырды. Дәріс соңында студенттер Гаухар Бахтиярқызына көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды.