2024 жылдың 10 мамырында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде Францияның Лотарингия университеті (Université de Lorraine) делегациясымен маңызды кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің және Лотарингия университетінің өкілдері қатысты. Модератор Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болды.
Кездесу барысында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланып, Абай университетінің базасында құқық, педагогика және мемлекеттік басқару саласында Лотарингия университетінің филиалын құруға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, тараптар қос дипломдық бағдарламалар, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасына қатысу және «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «500 ғалым» ғылыми тағылымдамадан өту мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Абай университеттің базасында құқық, педагогика және мемлекеттік басқару саласындағы Лотарингия университетінің филиалын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл маңызды қадам Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытудың жаңа перспективаларына жол ашады, сондай-ақ екі елдің жоғары білім саласындағы байланыстарын нығайтады.