2024 жылдың 24 маусымында ректор Болат Тілеп университет базасында жаңадан құрылған үш зертхана мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты.
Жаңа зертханалар мен кабинет Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Дүниежүзілік банк қаржыландыратын жобалары аясында жабдықталды. Бұл ауқымды жобалар физика, биология, химия және инклюзивті білім беру салаларын дамытуға, сондай-ақ педагог кадрларды даярлау мен қайта даярлауға, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, инфрақұрылымды жақсартуға және қоғамдық санадағы кедергілерді еңсеруге бағытталған.
Жоба аясында Жаратылыстану және география факультетінде екі жаңа зертхана, Математика, физика және информатика факультетінде бір зертхана, сондай-ақ Педагогика және психология факультетінде инклюзивті білім беру және ғылыми-зерттеу үрдістерін қолдау кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды.
Инклюзивті білім беру мен ғылыми-зерттеу үрдістерін қолдауға арналған ресурстық кабинет баланың ерекше қажеттіліктерін анықтауға, сондай-ақ оның сенсорлық, танымдық және қозғалыс салаларын дамытуға арналған құралдармен жабдықталған. Кабинет оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін қосымша және балама байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Физика, химия және биология бағытындағы оқу зертханалар Roqed интерактивті тақталары, цифрлық және оқу микроскоптары, ұлғайтқыштар және реагенттер сияқты заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұл зертханалар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін электрондық білім беру платформаларымен жұмыс істеуге бағытталған.
Заманауи жабдықтар мен оқытудың инновациялық әдістері студенттердің білім сапасын айтарлықтай жақсартып, оларды заманауи мектептерде табысты педагогикалық қызметке дайындайды. Бұл бастамалар студенттерге қажетті білім мен дағдыларды қамтамасыз етеді, оларға оқушылардың әртүрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеуге және қолайлы білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді.