7 ақпан күні Шығыстану және аударма ісі кафедрасында «Спорт – бейбітшілік елшісі» тақырыбында тәрбиелік онлайн-сағат өтті. Іс-шараға «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының студенттері қатысып, жетекшілік еткен – аға оқытушы Ж.М. Елемесова.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салты мен спортты насихаттау. Шара студенттердің бастамасымен ұйымдастырылып, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Мәселен, Гүлназым Өмірзақ спорттағы қызықты деректермен бөліссе, Әсия Қосмағамбет қазіргі әлемде дамып келе жатқан ерекше спорт түрлері туралы айтып берді. Гүлдана Баймұхан мен Тоғжан Айдарова тыңдармандарды ұлттық спорт түрлерімен таныстырды. Жұлдыз Бірлікнұр мен Ақжан Саинова еліміздің спорт жұлдыздары туралы баяндама жасап, тың ақпараттар ұсынды. Нұркамал Қабден «Спорт – денсаулық кепілі» атты презентация жасап, осы өзекті тақырыпқа қатысты өз көзқарасын білдірді. Ал Елназ Смаилова спорт тақырыбында викторина ұйымдастырып, қызықты пікірталас жүргізді. Кездесу барысында XI жазғы Универсиадада волейболдан 3-орын иеленген Зульфия Номанның ойын шеберлігі көрсетілді, сондай-ақ ол өзінің ерекше қызығатын спорт түрі жайлы айтып берді. Бұдан бөлек, спорттың өміріміздегі маңыздылығын көрсететін бейнематериалдар мен қызықты баяндамалар ұсынылды.
Іс-шараға кафедра меңгерушісі, профессор Г.Х. Абдрахманова, аға оқытушылар Р.К. Оразова мен Ш.Б. Баратова қатысып, айтылған тақырып бойынша өз пікірлерін білдіріп, университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан студенттерге алғыс айтты.
Материалды «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 3-курс студенті Сагыныш Райбекова дайындады.