6 қазан күні «Тұрақты даму мақсаттарының орындалуына арналған Солтүстік және Орталық Азияның бесінші көпжақты форумы» аясында SDG 4: Сапалы білім бойынша төртінші сессия онлайн форматта өткізілді.
Кездесуде ерте балалық шақтағы білім беру және Солтүстік пен Орталық Азиядағы тең құқықты білім қызметтеріне қолжетімділік мәселелеріне қатысты білім сапасының негізгі аспектілері талқыланды. Спикерлер 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы бұл бағыттың болжамдарын, сондай-ақ барлық деңгейдегі білім беру мен оның жақсаруына қолдау көрсету тұрақты дамудың маңызды негізі екенін айтты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова COVID-19 дәуірінде мұғалімдерді даярлаудағы қазіргі үрдістер мен инновациялық тәсілдер туралы баяндама жасап, SDG 4 мақсаттарына жету үшін негізгі міндеттерді атап өтті.
ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға арналған кластер офисінің Ұлттық білім беру бағдарламасының офицері Мейіргүл Алпысбаева Солтүстік және Орталық Азиядағы SDG 4 аясындағы жағдай мен үрдістерді таныстырып, пандемия кезінде білім сапасын жақсарту жолдарын ұсынды.
ITeachMe Қоғамдық қорының Қабілеттілікті дамыту орталығының директоры Захира Бегалиева қор қызметі туралы айтып, мүгедектігі бар білім алушылар үшін тең жағдай жасау тәжірибесімен бөлісті.
Ресей мен Қырғызстан елдерінің спикерлері SDG 4 бойынша жетістіктер мен мақсаттар туралы есеп берді. Еуропадан келген мамандар зерттеулер негізінде болжамдар жасап, сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудің сапасы мен жағдайын жақсарту бойынша кеңестер ұсынды.