АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Горький саябағында студенттік жатақхана салу мәселесіне қатысты толығырақ ақпараттар Абай атындағы ҚазҰПУ-де талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда университетте 13 мыңнан астам адам білім алуда, олардың 10 780-і – өзге қалалардан келген студенттер. Соның ішінде 3 мыңнан астамы жатақханаға мұқтаж.
Бүгінде университеттің 1 397 орындық 5 жатақханасы бар. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, онда тек 814 бірінші курс студенті ғана тұрып жатыр. Университет 327 адамға арналған жаңа жатақхана салуды жоспарлап отыр.
«Алматы қаласы әкімінің жатақхана құрылысы туралы қаулысына сәйкес, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға тиесілі Медеу ауданындағы жер учаскесінің нысаналы мақсаты жатақхана салуға белгіленген. Бұл аумақ мәдениет және демалыс саябағымен шекаралас, бірақ кіреберісі жеке — Г. Орманов көшесі жағынан. Бұл жерде қазіргі таңда М. Әуезов атындағы стадион, оқу корпустары мен университеттің әскери кафедрасы орналасқан. 2011 жылдан бастап бұл жер учаскесі Спорт және туризм колледжінің балансынан Абай атындағы ҚазҰПУ балансына берілген және Мәдениет және демалыс саябағының аумағына кірмейді», – делінген департамент мәліметінде.
Жатақхана құрылысына қажетті барлық рұқсаттар, сәулет-жоспарлау тапсырмасы және «Алматыгенплан» ЖШС-мен келісімдер алынғаны хабарланды. Сондай-ақ үшжақты келісім жасалған.
Бұған дейін 1 наурызда Абай атындағы ҚазҰПУ студенттеріне арналған жатақхана құрылысына қатысты қоғамдық тыңдаулар ашық жиын түрінде Горький саябағында өтетіні хабарланған болатын.