Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология және көптілді білім беру институтының «Сөзтаным» ғылыми-білім клубы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Іс-шара 2021 жылғы 30 қарашада Татарстан Республикасы (Ресей) Қазан қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы және Қазан федералды университетінің Филология және мәдениетаралық коммуникация институтының ұйымдастыруымен өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Қазандағы өкілі Радик Вахитов, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Серік Сейдуманов, Қазан федералды университетінің Филология және мәдениетаралық коммуникация институтының Жалпы тіл білімі және түркітану кафедрасының профессоры Альфия Юсупова, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының аға оқытушысы Роза Бақбергенова қатысты. Олар Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасады.
Конференция барысында ақынның шығармашылығы насихатталып, өлеңдері оқылды. Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазан федералды университетінің студенттері қатысқан поэзиялық кеште жыр алыбы Жамбылдың шығармалары қазақ, татар және орыс тілдерінде оқылды. «Сөзтаным» клубының мүшесі Айбин Ахмадиев композитор Нұрғиса Тілендиевтің Жамбылға арналған «Ата толғауы» күйін домбырада орындады. Гаухар Ортай, Ерасыл Орысбек, сондай-ақ ҚФУ студенттері Рената Садыкова мен Айнұр Ниябаров Жамбыл Жабаевтың танымал шығармаларын үш тілде оқыды.
Филология мамандығының 4-курс студенті Ерлік Жақыпбай домбырамен «Желтоқсан желі» әнін орындады. Іс-шара конференция қатысушыларының жүрекжарды тілектерімен және жылы лебіздерімен аяқталды.