2021 жылы 12 наурызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институты Қапшағай қаласындағы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесіп «Адам және экология» республикалық экологиялық телемост ұйымдастырды. Телемостқа институттың профессор-оқытушылары, «Балдаурен» (Бурабай), «Балдаурен-Шымкент», «Балдаурен-Балқаш», Қапшағай қаласы «Балдәурен» орталықтарының ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Экологиялық телемосттың басты мақсаты - табиғатты қорғау, экологиялық тәрбие негіздерін қалыптастыру, оқушыларға экологияның мәдениеттілікті қалыптастыру, табиғатты қорғауға, аялауға, табиғат байлықтарын қорғауға шақыру.
Телемостта институт директоры Күләш Каймулдинова құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Доцент Гүлнарай Сабденалиева «Электромагниттік сәулеленудің адам денсаулығына әсері», профессор Кульжахан Бакирова «Формирование экологической культуры личности», аға оқытушылар Думан Алиаскаров «Қоршаған орта жағдайы: әлем елдері бойынша салыстырмалы талдау», Айнұр Сейлхан «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы - экологиялық мәдениеттің кепілі» тақырыптарында баяндама жасады. Оқушылар «Судың экологиялық проблемалары», «Топырақтың экологиялық проблемалары», «Атмосфера экологиясы», «Жасыл ел» экологиялық мәдениетті арттыруға бетбұрыс» тақырыптарында жобалар қорғады. Жобаға қатысты оқушыларға сұрақтар берілді, оқытушылар экологиялық бағытта оқушыларға бағыт-бағдар берді, кеңестер, пікірлер айтты.