Жастар жылын мерекелеу аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шығармашылықпен айналысатын студенттерді қолдау мақсатында Оразалы Доспосынов атындағы ақындар орталығы ашылды. Бұл туралы BaigeNews.kz тілшісіне оқу орнының проекторы Жанатбек Ішпекбаев айтты.
Университеттің тәрбие және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры жастар жылы аясында университет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды
Оның айтуынша, университетте түрлі шаралармен қатар мәдени орталықтар да ашылуда. Солардың бірі – Оразалы Доспосынов атындағы ақындар орталығы. Мұнда талантты ақындар айтысқа түсіп, Алматыдағы басқа да жоғары оқу орындарының студенттері өз өнерлерін дәлелдеп жатыр. Кейде оларға белгілі ақын Жүрсін Ерман қосылып, студенттерге шеберлік сағаттарын көрсетіп, сабақ өткізеді.
Биыл Орталықта «Абай әлемі» атты студенттер фестивалі өтті. Шаралар Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздері» сынды төрт бағыт бойынша өтті.
Сондай-ақ, проректор Алматы қаласында «Адалдық елшілері» әлеуметтік жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің осы Орталықта филиалы ашылғанын айтты.
"Онда біздің студенттерден тұратын еріктілер Алматы қаласының әлеуметтік бөлімімен бірге жұмыс істейді. Атап айтқанда, көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, қарттарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға үйлеріне барып, көмек көрсетеді. Балалары үшін емес, өз істерімен қалаға шыға алмайтын аналарға қарт адамдармен таза ауада серуендеуге көмектеседі. Жақында университет оқытушылары өз бастамасымен аз қамтылған отбасылар үшін тоңазытқыш, теледидар, микротолқынды пеш пен азық - түлік сатып алды", - деді ол.
Жанатбек Ішпекбаев университетте еріктілер жасақтарының көптен бері жұмыс істеп келе жатқанын және олардың қатарына 500-ден астам студент қосылғанын атап өтті.
"Бізде халықаралық деңгейдегі волонтерлар бар, олар Алматыда өткен өткен Азия ойындарына қатысып қана қоймай, басқа елдердегі спорттық іс-шараларға да қатысты. Біз педагогикалық университет болғандықтан, волонтерларымыз мектеп-интернаттармен тығыз байланыста жұмыс істейді. "Мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды. Көңілдерін көтеру үшін оқушылар балаларға концерттер, ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырады. Кейде өздері акция өткізіп, жиналған ақшаға интернатқа қажетті заттарды сатып алады", - деді Жанатбек Ішпекбаев.