Абай университетінде «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық бастамалар жалғасуда
Республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Бүгінде аталған бастама жалпыхалықтық эко-челленджге айналып, жастардың азаматтық белсенділігі мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Абай университетінің студенттері мен оқытушылары қала аумағында бірнеше мәрте сенбілік ұйымдастырып, көшелерді, саябақтарды және өзен жағалауларын тазалау жұмыстарына белсенді қатысып келеді.
Экологиялық акцияларға университеттің түрлі факультеттерінен жүздеген ерікті студент жұмылдырылып, қоғамда тазалық мәдениетін насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мұндай шаралар жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, университет қабырғасында «Айналаңды таза ұста», «Экологиялық мәдениет – болашаққа деген қадам», «Абай университетінің жастары экологиялық бастамаларды қолдайды» атты акциялар мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Іс-шара барысында білім алушылар қоғамдық орындарды тазалап қана қоймай, қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында университет жастары «Көліксіз күн» акциясын да өткізді. Акция аясында студенттер мен оқытушылар жеке автокөліктен уақытша бас тартып, қоғамдық көлікпен жүруді, велосипед пайдалануды және жаяу жүруді насихаттады. Іс-шараның негізгі мақсаты – атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайтып, экологиялық өмір салтын дәріптеу.
Университет ұжымы мұндай бастамалар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ғана емес, қоғам денсаулығын нығайтуға және экологиялық сананы қалыптастыруға оң әсер ететінін атап өтті.
Абай университетінің студенттері мен оқытушылары алдағы уақытта да экологиялық жобаларды белсенді қолдап, еліміздегі тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге өз үлестерін қоса бермек.